Сауран ауданында ірі қара мал басы артып келеді. Бұл «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиянақты жүзеге асуының нәтижесі. Сондай-ақ, аймақта сүт өнімдерінің қатарын көбейту қолға алынған. Осы бағытта саурандық шаруаларға «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша қаржы беріліп келеді.
Солардың бірі — Қарашық ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Дилроба Изетова. Атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматша 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық несиеге 10 бас ірі қара малға 5,5 млн. теңге көлемінде қаражат алған. Бүгінде ол шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Қожалық сүт өнімдерін Қарашық ауылдық округінде орналасқан «Картекс Агро» АШӨК мекемесіне өткізеді. Аталмыш кооператив күніне 20 тонна сүт қабылдап, қайта өңдеуге қауқарлы. Әзірге 2 тонна сүт қабылдап жатқан кәсіпорын бүгінде қаймақ, ірімшік, құрт, айран, сүзбе және сүт өндіреді. Алдағы уақытта сүт өндірісінің көлемін арттырмақ ниетте.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі