Полицейлер тұрғынның 30-дан астам қойын ұрлаған екі күдіктіні ұстады

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын мал ұрлығының құрбаны болғаны жөнінде арызданған. Ер адамның айтуынша, үйінің маңында орналасқан қорасында тұрған 33 қойын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушілерге 2 миллион теңгеге жуық шығын келген.

Полиция қызметкерлері аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеді. Ақпарат алысымен полицейлер жедел-тергеу тобын құрып, оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, көрген-білгендерден жауап алды.

Тыңғылықты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасаған екі күдіктіні ұстады. Олар 22 мен 25 жастағы жігіттер болып шықты. Белгілі болғандай, күдіктілер түнгі уақытта қорада тұрған малдарды автокөлікке тиеп жымқырған. Содан ұрланған малдарды базарға апарып, сатып жіберген. Ал түскен ақшаны екеуара бөлісіп, бас пайдаларына жаратқан. Сондай-ақ тергеу барысында күдіктінің бірі бұрын сотты болғаны анықталды. Қазіргі таңда екі күдікті қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі