Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысы әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды көрсеткіштерінің бірі болып отыр. Халықты қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ету – мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі.
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында жаңа тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. «Жеткіншек» шағын ауданында бой көтерген 2 қабатты тұрғын үйде 16 пәтер бар. Бұл пәтерлердің кілттері апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарына табысталды.
Тұрғын үйдің құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС және «Қазатомпром-Сауран» тарапынан қаржыландырылды.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов әлеуметтік маңызы жоғары жобаның аудан дамуына қосар үлесін атап өтті. Ұлттық компания өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыратынын айтты.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтады.
– Апатты үйлердің мәселесін шешу – басты міндеттеріміздің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл жобаны жаңғырту бағдарламасына енгіздік. Қаржы көзін анықтау үшін Қазатомөнеркәсіп компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Жобаның іске асуына қолдау көрсеткен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына, «КАТКО» және «Қазатомпром-Сауран» басшыларына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамын. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар «КАTКО» БК ЖШС-нің қаржы жөніндегі директоры Алмас Жанқабыл сөз алып, компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Жаңа тұрғын үй аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында салынды. Пәтерлер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Инженерлік желілермен толық қамтылған. Ауласы қоршалып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. Сыртқы қасбеті металлопанельмен қапталып, талаптарға сай әрленген.
Алдағы уақытта тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, заманауи талаптарға сай, қолжетімді әрі жайлы баспаналар салу жұмыстары жалғасын табады. Бұл халықтың тұрғын үйге деген сұранысын азайтып, өңірдің тұрақты дамуына негіз болады.
