Қала әкімінің орынбасары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдады. Онда азаматтардың басым бөлігінде өзекті болып табылатын тұрғын үй мәселесі қаралды. Ерғали Дәулетбекұлы әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, пәтерлерге заң аясында қол жеткізу жолдарын түсіндірді. Бүгінгі таңда Шымкентте 46 008 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша — 1 749, көпбалалы отбасылар — 8 538, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы — 15 759, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер — 19 935, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған 27 адам бар екенін айтқан ол, баспана тек кезек реттілігімен ғана берілетіндігін түсіндірді. Кезек ретін «Egov.kz» порталы арқылы көріп отыра алады. Бұл ретте Шымкентте биыл миллион шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқанын түсіндірді. Одан бөлек, баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау мақсатында биыл жергілікті бюджет есебінен тұрғын үй серитификатына 500 миллион теңге бөлінді. Қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаға 1 миллион теңгеден беріледі. Аталған сертификатты бүгінде 132 азамат алып үлгерді. Тұрғын үй сертификатына өтінімдер 1 қазаннан бастап қайта «www.kezekte.kz» сайты арқылы қабылданады. Жалпы осы жылы 976 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, 8 айда 682-сі орындалды. Оның ішінде 300 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 25 пәтер жетім балаларға, 176 пәтер көпбалалы отбасыларға, 181 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына берілді. Қалған 294 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуына қарай жыл соңына дейін үлестірілетін болады. Қала әкімінің орынбасары арендалық пәтерлер кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылғанын, ал бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясындағы несиелік бағдарламалар ұсынылып жатқанын айқындап айтты. Бұдан бөлек, сала жетекшісі ретінде жұмыспен қамтуға қатысты қозғалған мәселелерді шешу үшін басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Шымкент Тұрғын үй басқармасы