Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында су мәселесі басты орында болды. Су – тіршілік көзі. Жалпы, дүниежүзінде 148 мемлекетке ортақ 276 трансшекаралық бассейндер бар және әлемдік тұщы судың 60 пайызы осыған тиесілі. Осындай ортақ су ресурстарын басқару үшін тиімді шешімдер қажет екендігі белгілі. Суға сұраныстың артуы, су дефициті, оны басқарудағы белгісіздік, фрагментация проблемалары жағдайында су қауіпсіздігін нығайту үшін институционалды нығайту, ақпаратты басқару және инфрақұрылымды дамытуға күш салу қажет болатын. Міне, осы су саласында шешімін таппай жүрген мәселелерді шешу жаңадан құрылатын Министрліктің құзіреттілігімен оң шешімін табады деп сенемін.
Еліміз – трансшекаралық су көздерінің ресурстарына тәуелді. Елімізде су саясатын жаңа бағытта жүргізу, трансшекаралық су пайдаланау мәселелерін оң шешу Үкіметтің маңызды міндеттері екенін Президентіміз өз Жолдауында баса атап көрсетті. Суды бөлу, ұйымдастыру мақсатында Үкімет тұжырымдамасында алдағы он жылда жер үсті суын ұлғайту мақсатында өңірлерде су қоймаларын салу және суды үнемдеу, жер асты суын пайдалану мөлшерін арттыру көзделген.
Сондай-ақ, суды тұтынуды белгілі мөлшерге азайту, гидротехникалық құрылыстар салу және жаңарту, ирригациялық жүйелердің жаңа құрылысы, суды тарату арналарын тазарту және қайта жасау, қалалар мен елді мекендерді сапалы сумен жабдықтау қарастырылған. Құқықтық базаны жаңарту, су нарығын құру жөніндегі халықаралық озық тәжірибені зерделеу, су шаруашылығын цифрландыру, су экологиясына көңіл аудару, сала мамандарын жаңаша дайындауды, яғни техникалық инженерлік шешімдерді шеше алуға бағыттауды қажет етеді.
Парида СУЛТАНБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ, «Су ресурстары, жерді пайдалану және агротехника» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент