Квазимемлекеттік ұйым қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары түсіндірілді, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментінің бас маманы Төлегенқызы Гүлмира Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында біліктілігін арттыру курсынан өтіп жатқан квазимемлекеттік ұйым қызметкерлерінің арасында түсіндіру шарасын өткізді.
Іс шараның негізгі мақсаты — қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және Заңға енгізілген жаңа нормаларды түсіндіру.
Оқыту барысында Гүлмира Төлегенқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға енгізілген өзгерістер, жемқорлықтың орын алу жағдайлары мен оның алғышарттарын жою жөнінде және қызмет бабын пайдаланып сыйлық алып, бергендерге жаза бар екенін жан-жақты түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, Агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар мен Департамент тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, әлеуметтік дертпен күрес жүргізуді әрбір қызметкер өзінен бастау керектігін баса айтып, қызметшілерді әдепті және қарапайым болуға шақырды.
Шара соңында тақырыптық бағыттағы бейнероликтер көрсетілді және сұрақтарға жауаптар берілді.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық – адам табиғатының бұзылуына, адамгершіліктің тапталуына, адамдардың бөлінуіне әкеледі. Бұл қоғамдық сананың рухани жақтан емес, материалдық тұрғыдан дағдарысқа ұшырауы. Сыбайлас жемқорлық – немқұрайлық танытуға болмайтын қоғамның ең өзекті мәселесі.