Шымкент қаласы жылдан жылға көркейіп, жаңа саябақтар мен демалыс аймақтары салынуда. Алайда сол игілікті орындардың сұлулығы ұзақ сақталмай жататыны жасырын емес. Әсіресе Қаратау ауданында тұрғындардың бір бөлігі табиғатты аялап емес, бейберекет ластап пайдалануы алаңдатады. Саябақ ішінде қоқыс жәшіктері орнатылғанына қарамастан, бос бөтелке, пластик, қағаз қалдықтары ағаш түбінде үйіліп жатады. Бұл тек эстетикалық мәселе емес, қоршаған ортаға ұзақмерзімді экологиялық зиян келтіретін әрекет.
Мәселенің түп-тамыры – тұрғындардың жауапкершілік деңгейінде. Тазалықты сақтауды тек коммуналдық қызметтің жұмысы деп түсіну қате. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экологиялық мәдениет тек заңмен емес, әрбір азаматтың санасындағы тәрбие мен дағды арқылы қалыптасады. Егер адам өз үйінің ауласын таза ұстаса, неге саябақта немесе өзен жағасында да дәл солай жасамасқа?
Экология департаментінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың шілдесінде Шымкент аумағынан 46 заңсыз қоқыс орны анықталса, соның 26-сы Қаратау ауданына тиесілі болған. Бұл – жай ғана статистика емес, қоғамға ой салатын айқын сигнал. Демек, ең көп қоқыс дәл осы ауданда жиналған. Мұндай көрсеткіш аудан тұрғындарының табиғатқа деген көзқарасының әлі де жеткіліксіз екенін дәлелдейді.
Экологтардың айтуынша, қоқысты бейберекет тастау тек аумақты көрксіздендіріп қоймай, топырақтың құнарын жояды, жерасты суларын ластайды, жануарлар дүниесіне қауіп төндіреді. Пластик бөтелке мен полиэтилен пакеттердің табиғатта жүздеген жылдар бойы ыдырамайтынын ескерсек, бір реттік ыңғайлылық болашақ ұрпақтың өміріне зиян тигізуі мүмкін.
Мәселенің шешімі қандай? Біріншіден, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру қажет. Бұл ретте мектептерде арнайы сабақтар өткізу, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды. Екіншіден, айыппұлдық шараларды күшейту арқылы заң бұзушыларға нақты жауапкершілік жүктелуі тиіс. Үшіншіден, сенбіліктерді жиілету – тек тазалық емес, қоғамды біріктіретін құндылыққа айналуы қажет.
Қаратау ауданы әкімдігі жыл сайын тазалық акцияларын ұйымдастырып келеді, алайда нәтиже уақытша ғана. Егер әрбір тұрғын өз үлесін қоспаса, қалада қанша қоқыс жәшігі қойылса да, қанша техника жұмылдырылса да мәселе түбегейлі шешілмейді.
Шымкенттің табиғаты – ортақ байлығымыз. Саябақты ластаған әрбір қоқыс – келешекке жасалған қиянат. Сондықтан да Қаратау ауданындағы жағдай – бүкіл қалаға сабақ болуы тиіс.