Қоршаған ортаның тазалығы — ортақ міндет

Таза қоғам – таза ортадан басталады

Шымкент қаласындағы А. Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тағылымы мол сынып сағаты өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа тазалықтың тек тұрмыстық қана емес, рухани маңызын түсіндіру болды.

Сынып сағатында оқушыларға қоршаған ортаның тазалығы мен қоғам мәдениеті туралы кеңінен түсіндіріліп, табиғатты қорғау – әрбір азаматтың парызы екені айтылды. Сонымен қатар, мұғалімдер мен ұйымдастырушылар балалардың ой-пікірін тыңдап, олардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған пікірталас ұйымдастырды.

Сабақ барысында тазалықтың екі қырына ерекше назар аударылды. Біріншісі – сыртқы тазалық, яғни қоршаған ортаны таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс жою, мектеп аумағын, көшені, қоғамдық орындарды күтіп-баптау. Екіншісі – ішкі, рухани тазалық, яғни ар-ожданды таза ұстау, адалдық пен әдептілікке мән беру. Ұстаздар бұл екі ұғымның өзара тығыз байланыста екенін түсіндіріп, қоғамның шынайы дамуы жеке адамның ішкі мәдениетінен басталатынын атап өтті.

Оқушыларға күнделікті өмірде тазалықты сақтаудың қарапайым әрі тиімді жолдары көрсетілді: қоқысты жерге тастамау, суды үнемді пайдалану, жасыл желекті қорғау және қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау. Сонымен бірге, рухани тазалықты қалыптастыруда кітап оқу, үлкендерді құрметтеу, достарға адал болу, уақытты тиімді пайдалану сияқты құндылықтарға тоқталды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде өткізілген бұл сынып сағаты оқушылардың бойына тек экологиялық мәдениетті ғана емес, адамгершілік құндылықтарды да сіңіруге бағытталды. Балалар өз ойларын ашық айтып, қоршаған орта мен қоғамға пайдалы азамат болуға ұмтылатынын жеткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымы мол шаралар жиі өткізіліп тұрса, өскелең ұрпақтың бойында тазалыққа деген құрмет пен жауапкершілік дағдысы берік орнығады. Бұл – болашақта саналы да мәдениетті қоғам қалыптастырудың берік іргетасы.