Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов өзінің фейсбук парақшасында жазады деп хабарлайды Жамбыл облысы ПД Баспасөз қызметі.
«Бүгінде азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін өз өмірін құрбан еткен полиция қызметкерлерінің есімдері ішкі істер органдарының тарихына алтын әріптермен жазылған. Олардың қатарында террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі ерекше. Ол Халық Қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы алғашқы, әрі жалғыз полицей.
Ғазиз Байтасов, егер тірі болғанда, биыл 50 жасқа толатын еді. Осыған орай, Халық Қаһарманының мерейтойы қарсаңында оның ескерткішін «Жеңіс» саябағына орнату туралы ұсыныс білдірген болатынмын. Оған облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев қолдау білдіріп, бүгін салтанатты түрде ескерткіштің алғашқы тасын қаладық.
Игі шараға Ғ. Байтасовтың туыстары, қала басшылығы және Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков қатысты.
Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы саябақтың ортасынан орын алатын ескерткіш кейінгі буын жастарымызға ерліктің жарқын үлгісі болмақ. Жамбылдық полицейлер киелі Әулиеата жерінде Ғазиздай батырдың дүниеге келгенін мақтан тұтады. Оның есімі – мәңгі есімізде!» — деп жазды ПД бастығы.