Таразда мұз аренасы мен бокс орталығының құрылысы басталды

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты түрде капсула салу рәсіміне қатысып, мұз айдыны мен бокс орталығының құрылысын бастап берді деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.

 Мұз айдыны 2000 орынға есептелген. Мұнда жергілікті билік әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге ниетті. Мердігер – «НефтеХимПрибор» ЖШС. Арена 2022 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Ал, Бокс орталығының құрылысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізілуде. Мердігер – «Тараз Строй 2004» ЖШС. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 2000 шаршы метрді құрайды.

— Қасиетті Әулиеата жерінің спорттағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Жас ұрпақтың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Жамбылдықтар Олимпиада тұғырына бірнеше көтеріліп, ел мерейін асырғаны белгілі. Бұл нысандардан алдағы уақытта да Олимпиада және әлем чемпиондарының жаңа легі өсіп шығады деп сенемін, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов «Тараз-Арена» спорт сарайының жанындаы спорт қалашығын одан әрі кеңейте түсу жоспарланып отырғанын хабарлады.

— Мұнда халықаралық стандарттарға сай келетін жеңіл атлетика манежі, теннис корты, үстел теннисі және көркем гимнастика орталығы салынады, — деді Арман Әбдешов.

Сонымен қатар, Тәуке хан көшесінен «Әулие ата» әуежайына дейінгі аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.