Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың Кентау қаласы мен Сауран ауданының ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктер мен құрылымдар төрағалары және мүшелерімен кездесуі өтті.
Кентау қаласы, Қарнақ ауылында өткен басқосуға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев модераторлық етті.
Еркін форматта өткен жиында Түркістан облыстық татар- башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов өзінің бірқатар ойларын ортаға салды. Ал Сауран ауданы, Жүйнек ауылдық округінің «Ахмад Югнаки» жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Таңжарықов оқушыларды елге қызмет ететін отансүйгіш етіп тәрбиелеу қажеттігі жайында айта келе, оларға түрлі бағыттағы үйірмелер ашылса деген ұсынысын жеткізді.
Сонымен қатар ол достық жайында жиі айтылып жүрудің де маңызы зор екенін назардан тыс қалдырмады. Кентау қаласы, Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, Кентау қалалық мәслихатының депутаты Бекзат Хабибов достық пен татулықтың маңызына тоқталып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Қарнақта тұңғыш рет жарыққа шығып отырған Ғалымжан Сайфуллаевтың қазақ-өзбек сөздігін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевқа табыс етті.
Ал Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Б. Ирсметов пен Сауран аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Қ. Рысбеков отбасында тыныштық болса, елде тыныштық болатынын айтып, еліміздегі татулықтықты сақтау баршаның парызы екенін тілге тиек етті.
Облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев кездесу барысында Қарнақ ауылындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін «Әбдіәшім» ұжымдық шаруашылығының жылыжай кешені мен «Ергеш ата» шаруа қожалығының жұмыстарымен де танысты.
Кездесуді қортындылаған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы ел болашағының жарқын болуы үшін татулық пен бірлік баға жетпес құндылық екенін айтты. Болашағын ойлаған ел білімді ұрпақ тәрбиелейтінін жеткізе келе, орта мектеп түлектерін кәсіптік колледждердегі білім гранттарын иегеруге шақырды.
Сонымен қатар ол өзбек тілінде жарық көретін облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетіне директор-бас редактор болған жаңа басшы Райымжан Әлібековті қызметімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.