Технологиялық парк құру бойынша келіссөз жүргізілді

Технологиялық парк

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының IT компания өкілдерімен халықаралық технологиялық паркті құру жөнінде маңызды келіссөздер жүргізді.

Бұл келіссөздер нәтижесінде құрылысы жоспарланып отырған технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр. Осы арқылы ІТ саласында Түркістанның өз бренді қалыптаспақ.

Бұл жоба облыстың экономикалық дамуын арттыруға, инновациялық жобаларды қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Технологиялық парк құру — Түркістанның индустриалды және ғылыми-инновациялық орталыққа айналуына септігін тигізеді.

Келіссөздер барысында технологиялық паркке инвесторлар, стартаптар мен ғылыми-зерттеу институттары тартылып, заманауи инфрақұрылым мен зертханалық базалар құру, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланған. Бұл жоба Қазақстанның оңтүстігінде жаңа өндіріс, ғылыми зерттеулер мен жоғары технологиялық жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Түркістандағы технологиялық парк құру идеясы аймақтың экономикалық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ еліміздің инновациялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Ол жоғары технологиялар, цифрландыру, жасанды интеллект, биотехнологиялар сияқты салаларды дамытуға бағытталған болмақ. Жоба жүзеге асса, Түркістанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңірдің ғылыми және кәсіпкерлік орталығына айналуына үлкен мүмкіндік туғызады.

Сонымен қатар технологиялық парктің құрамында осы өнімдерге қызмет көрсету орталықтары мен кадрларды оқыту және дамыту орталықтары да жұмыс істемек. Бұл инновациялық орталық аймақтағы жоғары технологиялар саласын дамытуға ықпал етіп, жергілікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Технологиялық парк тек өндірістік қуаттылықты арттырумен шектелмей, аймақты жаңа технологиялық инновациялардың орталығына айналдыруға, шетелдік инвестицияларды тартуға және өңірдегі экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға септігін тигізеді. Жоба жүзеге асқан жағдайда, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты экономикалық мүмкіндік туындайды.