Туристік полиция қауіпсіздік кепілі

Облыс орталығы – рухани астанамыз Түркістан қаласында 2019 жылдан бері туристік полиция жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда Туристік полиция штатында 5 полицей жұмыс атқаруда. Олар арнайы киім, қажетті техника, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Аталған полиция қызметкерлері туристтермен қарым-қатынас жасау үшін қазақ, орыс, түрік,қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Олар қала қонақтарының қауіпсіздігімен қатар, қаланың көрікті де тарихи жерлерін көрсетіп, тарихын дәріптеуге күш салуда.  

Қазір  туристік полиция қызметкерлері таңғы сағат 09:00-ден кешкі 20:00-ге дейін Қ.А.Яссауи кесенесі, «Гүлдер саябағы», Түркістан қалалық әкімдігі жанында қаламызға келген туристермен тілдесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бағыт-бағдар берумен, оған қоса қоғамдық тәртіпті бақылаумен айналысуда.

Түркістан – туристік аймақ. Сондықтан бұл мекен жергілікті тұрғындармен қатар, алыс-жақын шетелдерден, еліміздің басқа өңірлерінен келетін қонақтар үшін қауіпсіз болуы тиіс. Осы мақсатта Түркістан ҚПБ  басшысы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев жеке құрамға нақты тапсырмалар берді. Бірінші кезекте түсіндіру жұмыстарына басымдық берілді.

Яғни Түркістан қалалық Полиция басқармасында қызмет ететін барлық учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық «Қауіпсіз қала» іс-шарасын ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары өздеріне бекітілген аумақтағы әрбір ойын-сауық орындары, дүкендерде, сауда орталықтарына арнайы кіріп, мүлікті қорғау, ұрлық, тонау, қарақшылық, алаяқтық қылмыстарының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Түрлі кеңестер жазылған ескертпе парақтарын таратты. Сондай-ақ полицейлермен адамдар көп шоғырланатын орындарға жаднамалар жабыстырылды.

Одан бөлек бөтеннің мүлкін ұрлау белең алып отырғандықтан, түркістандық полицейлер бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстарын қарқынды іске асыруда. Ескертпе қағаздарында бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз, бейнебақылау камераларының бірін көшеге қаратып орнатыңыз, қандай да бір ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияға бірден хабарласыңыз деген кеңестер жазылған.

Осы тұста ескертеміз: Сіз үйіңізден, кәсіптік мекемеңізден шығар кезде есіктер мен терезелерді жауып, өз мүлкіңізге мұқият болуға шақырамыз. Автокөліктердің де есіктерін кілттеп жүруді естен шығармаңыз. Сіз, осы қарапайым қауіпсіздік шараларын қолдана отырып, ұрлықтың алдын аласыз.

Ntime.kz