Түркістан қаласы, қазақ мәдениетінің алтын бесігі, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған түрлі шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытуда. Соңғы жылдары өңірде өткізілген фестивальдар мен байқаулар жастарға өз өнерлерін көрсету, кәсіби деңгейде дамуға мүмкіндік береді. Осыған орай, Түркістан қаласында «TurkiSTAR» балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық би фестивалі басталды.
Фестиваль Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өтті. Аталған шара Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Мұндағы басты мақсат – дарынды балалар мен жасөспірімдерге қолдау көрсету, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, сонымен қатар, өнерге ынталандыру.
Фестивальдің аясында бұған дейін ән жанры бойынша байқау өткен болатын. Бұл жолы балалар мен жасөспірімдер би өнерінде өз шеберліктерін паш етуге мүмкіндік алды. Алдағы уақытта жыл соңына дейін актерлік шеберлік, көркем сөз оқу, қылқалам, қолөнер шеберлері мен киім дизайны жанрлары бойынша да шаралар өткізу жоспарлануда.
Фестиваль екі кезең бойынша өтеді. Алғашқы кезеңде би ұжымдары қазақ халық биін билеп, ұлттық мәдениетті дәріптейді. Бұл кезең жастардың ұлттық мұрамызды қаншалықты терең сезінетіндігін көрсетеді. Ақтық кезеңде әр команда өз қалауы бойынша еркін тақырыптағы биді билейді, бұл оларға шығармашылық еркіндік пен жаңа идеяларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Байқау екі күнге жоспарланған, оған облыстың әр ауданынан, қалаларынан 60 би ұжымы қатысуда. Қатысушылардың әрқайсысы өз өнерін көрсету үшін бар күш-жігерін салады, бұл жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.
Фестивальде әділ қазылар алқасы құрамында хореография мамандары мен мәдениет саласының білікті өкілдері бар. Олар қатысушылардың өнерін бағалап, жеңімпаздарды анықтайды. Жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары табыс етіледі. Мұндай марапаттар жастардың шығармашылық жолында ынталандырушы фактор болып табылады.
«TurkiSTAR» фестивалі – Түркістан қаласының мәдени өмірінің ажырамас бөлігі. Ол жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың қоғамда өзін-өзі танытуына жол ашады. Фестивальдің аясында көрінген таланттар болашақта еліміздің мәдениеті мен өнерін жаңа белестерге көтеретіні сөзсіз.
Түркістанның осындай фестивальдері арқылы жастар өнерін дамыту, қазақ мәдениетінің байлығын көрсету, сондай-ақ, болашақта кәсіби өнер иесі болуға алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік алады. Жастардың таланттарын тану мен бағалау – біздің мәдениетіміздің болашағы үшін маңызды қадам.