Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде кезектен тыс Сенат мәжілісі өтті. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) өкілдері қатысты.

Кезектен тыс мәжілістің күн тәртібіндегі негізгі мәселе – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, аталған мәселе бойынша Жол картасын қабылдау және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен жұмысты одан әрі жандандыру.

Басқосуға арнайы қатысқан Департамент басшысының орынбасары Д. Нарымбетов университетте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, қауіп-қатердің алдын алу, ұжым мен студенттерге түсіндіру және т.б. жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу керек екенін айтты.

«Педагогтердің сыбайлас жемқорлық жасауы – өте ұят және қоғам үшін қауіпті жағдай. Себебі, олар – келешек ұрпақты тәрбиелейтін мамандар. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Қажет болса, департамент те көмектесуге әзір», — деді ол.

Ректор Ж. Темірбекова соңғы бір жыл көлемінде университетте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, заң бұзушылықтарды анықтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

Мәселен, бұған дейін студенттік жатақхана ақысы қолма-қол ақшамен жиналған. Ал бұл жемқорлық жасау ықтималдығы артуына әсер етеді. Сол себепті, енді жатақхана ақысы электронды төлем жүйесі арқылы банктерден қабылданады. Тек жатақхана ақысын төлеу барысында емес, бұдан өзге де бірнеше саладағы сыбайлас жемқорлық жойылды.

Жиында Сенат мүшелері де сыбайлас жемқорлық мәселе бойынша өз ойларын айтып, Департамент ұсынған Жол картасымен танысып, оны қабылдауға келісті. Сондай-ақ, университеттің Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген құндылықтарды оқытушыларға да, студенттерге де терең түсіндіру керек екенін айтты. Себебі, университет құндылықтарының мәнін түсінген адам пара беру-алу немесе басқа қылмыстарға баруы екіталай.

Айта кетейік, университетіміздің басты құндылықтары: әділдік пен адалдық, серіктестік пен құрмет, ашықтық пен сенім, білікті болу пен еңбекқорлық, инновация мен бейімделгіштік.