Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардың даму бағыттары мен салаларға жүктелген міндеттердің орындалу барысын қадағалау мақсатында кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиында қала әкімдігіне қарасты бөлім басшылары орындалған жұмыстардың есебін ұсынып, алдағы уақытта шешілуі тиіс мәселелерге тоқталды. Бұл мәжіліс салалардағы жүйелі жұмыстың нәтижелілігін анықтап, әр тапсырманың қалай жүзеге асырылып жатқанын нақтылау үшін ұйымдастырылды.
Шілде айында өткен жеке қабылдаулардың нәтижесінде берілген 54 тапсырманың 52-сі орындалғаны мәлім болды. Бұл қаладағы жауапты органдардың жұмыс қарқынының жоғары екенін көрсетсе де, әлі де шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар. Әкім екі тапсырманың орындалу барысын бақылауда ұстап, тиісті шаралар қабылдануы керектігін қадап айтты.
Жиында инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Нұрлан Тіленші «Шауғар» секторындағы аллеяда жүргізілген жер тегістеу мен аяқ жол төсеу жұмыстары аяқталып, автоматты суару жүйесінің орнатылуы жалғасып жатқанын баяндады. Сонымен қатар «Бірлік» секторында сәулеттік қондырғылар орнату жұмыстары басталғаны айтылды.
Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев коммуналдық меншіктегі пәтерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Оның айтуынша, 3418 пәтер тексеріліп, 3308 пәтер өз мақсатына сай пайдаланылып отырғаны анықталған. Нәтижесінде 110 акт толтырылып, заңсыз пайдалану деректері жойылған.
Әлеуметтік салада да бірқатар маңызды істер атқарылып жатыр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова атаулы әлеуметтік көмек алуға 3488 отбасының өтініш білдіргенін айтты. Алайда 1387 отбасының жағдайын зерделеу барысында 293 отбасының мұқтаж еместігі анықталған. Әлеуметтік көмек көрсетудің барлық шарттары сақталып, жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, бөлімге бекітілген 5 индикатордың бірі орындалғаны, қалғандары жыл соңына дейін іске асырылатыны жоспарланған.
Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 4946 азамат түрлі жұмыс орындарына тартылды. Олардың ішінде жастар практикасы аясында 528 жас маман, қоғамдық жұмыс орындарына 1265 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 144 азамат жұмысқа орналастырылған. «Күміс жас» жобасы бойынша 173 зейнеткер, ал тұрақты бос жұмыс орындарына 2279 азамат жолданған.
Мәжіліс барысында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мерзімі жақындаған хаттамалық тапсырмаларды назарға алып, жауаптылардың жұмысын саралады. Әкім әрбір сала басшысына нақты тапсырмалар беріп, қараша айының соңына дейін барлық жұмыстардың толық орындалуын талап етті.
– Жылдың жұмыс жоспары қараша айында толық жабылуы тиіс. Ал, желтоқсан айын біз келесі жылдың тірліктерін пысықтауға арнаймыз. «Епшіл адам ертеңге іс қалдырмайды», ақталуға емес, жұмыстың бабын табуға тырысыңыздар, — деп, мәжілісті аяқтады.