Түркістан қаласындағы 6506 «Ұлттық ұлан» әскери бөлімінде «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында маңызды түсіндірме шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – бөлімнің жеке құрамын еліміздегі және әлемдегі деструктивті діни ағымдардың қызметі мен олардың қауіптілігі туралы ақпараттандыру. Сонымен қатар, терроризм мен экстремизмнің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың әдістері мен нысандары түсіндірілді.
Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің теолог маманы Бахауаддин Нуриддинов жиынға қатысушыларға қазіргі қоғамда деструктивті ағымдардың қалай таралып жатқанын, олардың қоғамға қандай қауіп төндіретінін жан-жақты түсіндірді. Оған қоса, бұл ағымдармен күресудің жолдары, жастарды радикализациядан қорғау үшін қолданылатын әдістер мен шаралар туралы сөз қозғады.
Кездесу барысында теолог Нуриддинов бүгінгі таңда діни ағымдардың таралуы тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде қарқынды түрде жүріп жатқанын атап өтті. Сондықтан, осы бағытта жүргізілген профилактикалық жұмыстардың маңызы зор екендігін айтты. Ол өз сөзінде, радикалды топтардың жастарды өз қатарларына тартуының негізгі себептерін түсіндіріп, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр азаматтың белсенділігі қажет екенін тілге тиек етті.
Шараға 6506 әскери бөлімінің сарбаздары мен офицерлері қатысты. Олар аталмыш тақырып бойынша сұрақтар қойып, белсенді пікір алмасты. Өз кезегінде, әскери қызметкерлер еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін түрлі деструктивті ағымдардың таралуына қарсы күреске дайын екендерін жеткізді. Сонымен қатар, бұл іс-шаралардың Отан қорғаушылардың діни экстремизмге қарсы төзімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратыны да айтылды.
6506 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан сарбаздардың кейбірі алдағы күндері өздеріне тапсырылған міндеттерін абыроймен орындап, елдеріне оралуға дайындық жасап жатыр. Олар әскери борышын өтеген соң, туған өлкесіне оралып, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқалы отыр. Осы шаралар олардың рухани әрі психологиялық тұрғыдан да дайын болуын қамтамасыз етуді көздейді.
Түркістандағы мұндай кездесулер мен түсіндірме жұмыстарының қоғамдағы деструктивті діни ағымдармен күресуге және жастарды теріс ағымдардан сақтандыруға қосар үлесі мол. Мұндай іс-шаралар тек әскери қызметкерлер арасында ғана емес, жалпы қоғамда да діни экстремизм мен радикализацияның алдын алу үшін маңызды болып табылады.