Түркістанда жасыл аймақты кеңейту мен инфрақұрылымды жақсарту шаралары күшейтілуде

жасыл аймақты

Түркістан қаласының әкімдігі күзгі маусымда көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының ауқымын кеңейтіп, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар маңызды шараларды қолға алды. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте осы жұмыстардың барысы талқыланып, алдағы кезеңдерге нақты міндеттер жүктелді.

“Жасыл Түркістан” мемлекеттік мекемесінің директоры Ақәділ Қондыбаевтың мәліметіне сәйкес, қазан айынан бастап ағаш отырғызу науқаны басталады. Бұл шара аясында жапырақты, жемісті және бұталы ағаштардың 18 түрі, яғни 205 мың түп ағаш егіледі. Оның ішінде 134 мың түп ағашты Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қамтамасыз етсе, мердігерлер кепілдеме аясында 15 600 түп ағаш отырғызуды міндетіне алады.

Көгалдандыру жұмыстарымен қатар, қаланың инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Қаланың «Күлтөбе» аймағын абаттандыру бойынша келісім-шарт жасалып, 10 гектар аумақты қамтитын жобаның орындалуы қолға алынды. Жоба аясында серуендеу үшін арнайы аяқжолдар салынып, жарықтандыру жүйесі орнатылады, ал аймақты көгалдандыру үшін сәндік ағаштар отырғызылады. Сонымен қатар, демалыс орындарының тартымдылығын арттыру мақсатында голограммалы қондырғылар орнату жоспарда бар.

Қаладағы «Бірлік» тұрғын алабындағы демалыс аймағының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Бұл жерде арнайы автотұрақтар, балаларға арналған ойын алаңдары және спорт алаңшалары жасақталды. Сондай-ақ, тұрғындардың жайлы демалуына арналған орындар орнатылды. 2023 жылы басталған 10 ойын алаңшасы мен 18 стрит-воркаут нысаны толықтай пайдалануға берілді.

Кәріз жүйесінің құрылысы да ерекше назарда тұр. Қаладағы 18 нысанда кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары жүргізілуде, оның үшеуі жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Сондай-ақ, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, қаланы таза ұстау бойынша шаралар жүргізілуде. Қыркүйек айында ғана қоғамдық орындарды ластаған 137 азаматқа, елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзған 70 азаматқа хаттама толтырылды. Жолдарды бүлдірген 14 жүк көлігіне айыппұл салынды.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәжіліс соңында қаланың инфрақұрылымдық жобаларына басымдық беру қажеттігін баса айтты.

 “2025 жылғы жұмыс жоспарында басымдық жолға берілуі тиіс екенін тағы да ескертемін. Кәріз жүйесінің құрылысы биыл аяқталған көшелердің келесі жылы асфальттануына күш салу қажет. Жобалау-сметалық құжаттарды мерзімінен кешіктірмеуге жұмыс жасаңыздар. Жылдың аяқталуына үш ай қалды. Білгенге, үш ай – ұзақ мерзім емес. Алдымызда жауын-шашын кезеңі келеді, күн суытады. Осыған орай, жауапты мекемелер, қаладағы инфрақұрылым және коммуникация жүйелері жұмысының үздіксіз атқарылуын қамтамасыз ету үшін жедел әрекет ету бригадаларының кезекшілігін бекітсін,” — деп тапсырма берді.

Түркістан қаласының келешекте экологиялық таза, жайлы, заманауи қалаға айналуына бағытталған бұл жұмыстар қала басшылығының тұрақты бақылауында тұр.