Бейбіт күннің батырлары түркістандық жастармен кездесті

Қауіпті сәтте өзгенің өмірін қорғап, ерлік көрсеткен азаматтар түркістандық жастармен кездесті. Олар: Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығынан шыққан өрт кезінде мемлекеттік рәміздер — Ту мен Елтаңбаны аман алып қалған орталықтың маманы Қансейіт Мұхаммед, құбырға құлап кеткен 2 жасар баланы құтқарып қалған Кентау қаласы, №12 Өрт сөндіру бөлімі, бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Нұрғали Керімбеков, әжетханаға түсіп кеткен бір жасар баланы құтқарған 20 жастағы Рысбек Мейрамбек, кейуананы өрттің ортасынан аман алып шыққан Жетісай аудандық полиция бөлімі миграция бөлімшесінің басшысы Аян Хайруллаев.

Аян Хайруллаев: «Отаншылдық – жалаң ұран ғана емес, күнделікті өмірде кездесетін тосын жайттарда тосылып қалмай, өзгелерді құтқару, қол созу деп білемін»,- десе,Сайрам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері төтенше жағдайда қорқынышты ұмытып, мемлекеттік рәмізді оттан аман алып шыққанын атап өтті.

Бейбіт күнде болған оқыс оқиғаларда батырлық танытқан батыл жандарға облыс әкімі құрмет көрсетіп, «Түркістан облысына сіңірген еңбегі» үшін төсбелгісін тақты.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі