Түркістан қаласының әкімдігі қаладағы сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттың тілдік талаптарын реттеу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан «Қуаныш» базары аумағындағы сауда орындары мен кәсіпкерлік нысандардың сыртқы маңдайшалары мен жарнамаларына рейдтік тексеру жүргізілді.
Рейдтің негізгі мақсаты — сауда орындарында және қоғамдық кеңістікте орналасқан жарнама мәтіндерінің Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талаптарына сәйкестігін тексеру. Бұл заңның басты мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру және барлық жазбаша ақпаратты қазақ тілінде дұрыс қолдану талаптарын қамтамасыз ету болып табылады. Тексеру барысында мекемелер мен кәсіпкерлердің көрнекі ақпараттары, прейскуранттар, баға көрсеткіштері мен жарнамалардың тілдік және мазмұндық тұрғыдан дұрыс жазылуына ерекше назар аударылды.
Шара барысында Тәуке хан даңғылындағы бірнеше сауда орындарында заң талаптарын сақтамау анықталды. Бұл орайда, тексеруші топ 25 шаруашылық субъектісі мен 7 жеке кәсіпкерге ескерту жасап, көрнекі ақпараттың тілі мен мазмұнын заңға сәйкестендіру үшін белгіленген мерзімде ретке келтіруді тапсырды. Әрбір кәсіпкерге тиісті ұсыным хаттар берілді.
Тексеру барысында анықталған кемшіліктердің орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ескертілді. Атап айтқанда, егер көрнекі ақпараттар белгіленген мерзімде ретке келтірілмесе, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес, 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін екені айтылды. Бұл шаралар жарнама мен көрнекі ақпараттың сапасын арттыруға, мемлекеттік тілдің қолданылуын ынталандыруға бағытталған.
Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Келесі кезеңде С. Ерубаев көшесі бойындағы сауда орындарының жарнама мәтіндерінің мемлекеттік тілде жазылуын бақылау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге қазақ тілінің заңды талаптарын орындауға шақыратын түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында арнайы семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылатын болады.
Әкімдік тарапынан осындай рейдтік шаралар мен түсіндіру жұмыстарының жиі өткізілуі — қаладағы жарнамалық кеңістікте заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірде қолданылуын одан әрі кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.