Түркістанда  тазалық жұмыстары  қадағалануда

Тазалық –денсаулық кепілі. Қазіргі таңда тазалық мәселесі өзекті. Айналамызды таза ұстау үшін қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру қажет.

Адамның құқықтық санасы мен мәдениетін дамыту құқықтық тәрбиенің негізгі мақсаты болып табылады.

Түркістан қаласының жалпы  аумағында 875 көше 845 шақырым жол, 18 гектарды құрайтын бір қоқыс полигоны бар.

Оның ішінде 787 көшеге санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Қалған көшелер қаланың ең шеткі аумақтарында орналасқан. Үйлер толық салынбаған.

787 көшенің 136 көшесіне механикалық жолмен тазалық жасалса, 651 көшесіне қолмен тазалау жүргізіледі. 39 көше орталық маңызы бар көше болып саналады.

Бүгінде шаһардағы санитарлық тазалық жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС мен «ШымкентСпецкомплекс» ЖШС-тері атқаруда. Сонымен қатар, әр сектор тұрғындары жеке кәсіпкерлермен бірге келісім шарт жасасуда.

Одан бөлек, секторлар тарапынан санитарлық тазалық бойынша «Белгіленбеген аумаққа қоқыс төгу», «Бекітілген кестеден бұрын үйден қоқыс шығармау» жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – 5 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленгені тұрғындарға түсіндірілуде.

Сондай-ақ, Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы әрекеттер қай жасалған жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке ұлғаятыны ескертілуде.

Жыл басынан бері әр секторда күнделікті тазалық сақтау жұмыстары тексерілді. Көрсеткіштер бойынша, Отырар секторында – 24 адамға, Сауран секторында – 41 азаматқа, Бірлік тұрғын алабында – 23 азаматқа айыппұл салынған. Ал, қалған Шауғар секторында – 37 дерек анықталса, Бекзат тұрғын алабында – 45 азаматқа, Яссы секторында – 32 тұрғынға хаттама толтырылып, айыппұл жазылған.

Түркiстан қалалық мәслихатының 2018 жылғы 9 ақпандағы №27/145-VI шешiмiне сәйкес, тазалық бойынша тұрғын үйдің әр бір тұрғынына 105 теңге деп көрсетілген.

Бұл орта есеппен 1 айда әр үйден 500 теңге көлемінде жиналады (айына 4 рет үйден шыққан қоқыс).

Ntime.kz