Түркістанда тергеуші полицей хабар-ошарсыз жоғалып кеткен тұрғынды тапты

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын хабарласып, арызданды. Шағымданушының сөзінше, ол үйінде жүрген мүмкіндігі шектеулі 46 жастағы әпкесі белгісіз бағытқа шығып кеткен және қайта оралмаған. Содан арызданушылар өз беттерінше іздеуден нәтиже шықпағаннан соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұрады.

Аталған жайт бойынша Түркістан Қалалық Полиция Басқармасының тергеушісі  полиция аға лейтенанты Айбек Пернебек Сәдуақасұлы жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Тәртіп сақшыларының жәдел іздестіру жұмыстары мен қырағылығының нәтижесінде, бір тәулік ішінде жоғалған әйел табылып, отбасына қайтарылды.

Анықталғандай, күндізгі уақытта орта жастағы әйел үйінен шығып кетіп, көше бойында жүрген. Сондай-ақ полицейлер әйелдің  түн ортасы болғанда  көршісінің үйіне ескертпестен кіріп  қонғанын анықтады. Жоғалған әйелдің  туыстары полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Белгісіз бағытта үйден шығып кеткен туыс әпкемді тауып берген полиция қызметкерлеріне және полиция қызметкері  Айбек Сәдуақасұлына алғысымды айтамын. Жұмыстарына сәттілік тілеймін!»- деп өз ризашылығын білдірді.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше апта бұрын Түркістан қаласында 8 жасар бала жоғалғаны туралы қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғынның тарапынан арыз-шағым түскен еді. Түркістан Қалалық Полиция Басқармасы ювеналдық полиция тобының қызметкері, полиция капитаны Медет Тұрсынбектің жедел іздестіруінің нәтижесінде жоғалған бала 5 сағат ішінде үйінен 2 шақырым жердегі балалар ойнайтын алаңқайдан табылған болатын. Тәртіп сақшысының анықтауынша ойын баласы мектептен шығып, достарымен  ойнап жүріп, үйден 2 көше ары қарай кетіп қалған.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары осындай жайттарға тап болсаңыздар полицияның «102» байланыс телефон нөміріне хабарласу керектігін еске салады. Тұрғындардың тыныштығы – полицейлердің басты назарында.

Ntime.kz