Түркістан қаласында мәдени іс-шаралардың қатарында республикалық «Түркістан дауысы-2024» жас орындаушылар байқауы маңызды орын алуда. Бұл байқау түркі әлемінің туристік астанасына айналған киелі өңірдің рухани-туристік әлеуетін танытуды мақсат етеді. Байқау биыл төртінші рет өткізілуде.
Байқаудың басты мақсаты – шығармашыл, дарынды жастарды анықтау, олардың өнеріне қолдау көрсету, рухани және мәдени құндылықтармен алмасу, қазақ музыкасын насихаттау. Аталмыш байқауда еліміздің әр өңірінен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, сонымен қатар үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, республикалық, ұлттық ән байқауларында жетістікке жеткен 18 үміткер бақ сынайды.
Ақбота Сабыржанова – байқауға қатысушы:
«Мен бұл байқауды екі жылдан бері бақылап жүрмін. Осы жылы Жетісу облысындағы филармонияға байқау туралы хабарлама келгенде, мен қатысуға шешім қабылдадым. Бірінші кезеңде Мақсұт Жадыков ағамның “Қош бол” әнін орындаймын. Бұл авторлық ән кеңінен танымал емес, сондықтан оны үлкен сахнада таныту мен үшін ерекше мүмкіндік», – деп айтты Ақбота.
Байқау шарты бойынша, қатысушы екі музыкалық шығарма орындауы қажет. Біріншісі – Қазақстанның танымал композиторларының авторлық аранжировкадағы әні, екіншісі – вокалды аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуімен өз таңдауындағы ән.
Маржан Арапбаева – эстрада әншісі:
«Мен осы Түркістан дауысы фестивалі басталғалы бері қазылар алқасында отырмын. Жыл сайын біз жаңа таланттармен кездесеміз. Бұрыннан танымал әншілермен қатар, тың орындаушылар да сахнаға шығып, бізді таңқалдырады. Бұл өте қызықты, себебі еліміздің өнері өте алуан түрлі», – деді ол.
Жүлделі орынды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің байқау шартына сәйкестігіне, музыкалық өңдеуіне, мәтін мен әуеннің мазмұндылығына, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне назар аударады. Жеңімпаздарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.
Түркістан дауысы байқауы – бұл тек музыкалық бәсеке ғана емес, сонымен қатар жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту мен қолдауға арналған платформа. Байқау қатысушыларының өнері, тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылуға мүмкіндік беруде.
Бұл шара Түркістанның мәдени өміріне жаңа леп әкеліп, жастардың музыкалық өнерге қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Байқау ұйымдастырушылары мен қатысушылары Қазақстанның мәдени дамуына үлес қосу үшін бірлесіп жұмыс жасауда. Түркістан дауысы байқауы жастардың өнер жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын орын болып табылады.