ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ҚР Конституциясы күні қарсаңында, Түркістан облысында полицейлер біршама жұмыстар атқарды деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі. Коронавирус індетіне байланысты соңғы кездері барлық іс-шаралар онлайн форматта өткізіліп жатқанын ескерген полицейлер, барынша шектеу шараларын қолдана отырып, мән-маңызы зор сайыс өткізді. Яғни Түркістан облысы ПД-нің ұйымдастыруымен 8-12 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында «Мен елімді сүйемін!» атты патриоттыққа баулитын сурет салу сайысы өтті. Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков айтулы мерекелерге орай өткізілген сайысты қорытындылап, марапаттау рәсімін өткізді. Облыстың бас полицейі өз сөзінде: «Құрметті жас достар! Сендерге үлкен рақмет, бойларыңдағы дарындарыңды ортаға салып, жарысқа қатыстыңдар. Біздің әділқазылар сендердің еңбектеріңді жіті қарап, ішіндегі ең әдемі салынғандарын іріктеп алды. Бүгін мен осы жүйріктерге өздерінің марапаттарын құрметпен тапсырғым келеді. Өнерлерің өрге жүзсін!»-деп атап өтті. Байқауға ТО ПД-ның 17 аудан Полиция бөлім, басқарма қызметкерлерінің сурет салуға бейім ұл-қыздары қатысқан. Сайысқа қатысуға 84 сурет ұсынылған. Суреттер арасындағы үздіктерін анықтау үшін арнайы комиссия мүшелері шақыртылған. ХҚТУ-нің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, композитор Б.Сердәлі мен Спорт және өнер факультетінің «Бейнелеу өнер» кафедрасының магистр-оқытушысы М.Шаханбаевтар, оқушылар қолынан шыққан туындыларға өз бағаларын берді. Нәтижесінде «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» шыққан 15 қатысушы анықталып, жеңімпаздарға Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің «Алғыс хаты» табысталды. Сондай-ақ жасөспірімдерге сыйлық ретінде ПД тарапынан мектепке арналған сөмкелер және кеңсе заттары табысталды. Ал жүлделі ІІІ-орынды Төлеби АПБ көші-қон қызметі тобының аға инспекторы полиция майоры Нұрбол Сейітбековтың 12 жастағы қызы Амира Абдисапар иеленді. ІІ-орынды ТО ПД ЖҚАЖ инспектор-психологы полиция капитаны Әйгерім Исаеваның 11 жасар қызы Камила Елмұрат алды. Ал І-орынды Түркістан ҚПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Мухаммад Жұмадилаевтың 10 жастағы қызы Мира Ханадилла жеңіп алды. Жүлделі орын иегерлеріне заманауи смартфон ұялы телефондар сыйға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып тұрмақ. Ең басты мақсат — оқушылардың бойында туған жерге деген патриоттық сезімдерін арттырып, бос уақыттарын тиімді пайдалануға дағдыландыру болып табылады.