Түлкібас АПБ-ға ауруханалардың бірінен хабар түскен. Онда жас жігіттің түрлі дене жарақатымен түскендігі туралы көрсетілген деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі. Полицейлер хабарды алысымен ауруханаға жедел жетіп, жәбірленушіден болған оқиғаны толық сұрап, мән-жайды анықтады. Белгілі болғандай, жәбірленуші жас жігіт таныстарымен бірге бір пәтерде ішімдік ішіп, бас қосқан. Содан соң танысы екеуінің арасында жанжал туындап, салдарынан танысы оны ұрып-соғып, сырт киімін тартып алған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Содан соң күдіктіні іздеуге бірден кірісті. Көрген-білгендерден жауап алды. Орын алған қылмысты ашу мақсатында, жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полицейлер күдіктіні тәулік ішінде анықтап, ПБ-не жеткізді. Болған оқиғаны толық анықтап, күдікті азаматқа қатысты істі заңды шешім көрілуі үшін Түлкібас аудандық сотына жолдады. Сот күдіктіні ҚР ҚК-нің 191-бабы бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындауға үкім шығарды. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға сақтық танытып, мүліктеріңізді, бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Сізді тонап немесе алдап кетсе полицияның «102» нөміріне қоңырау соғыңыз. Сондай-ақ, міндетті түрде күдіктінің түрін жаттап, есте сақтап қалуға тырысыңыз, бұл өз уақытында қылмыскердің ізіне түсіп, қылмысты жедел түрде ашуға көмектеседі.