Түркістан облысының учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен кездесу өткізді

Мақтаарал ауданына қарасты Мырзакент және Атакент кенттерімен, Достық, Ж.Нұрлыбаев, Жаңажол, Еңбекші, Иіржар, Бірлік, Жамбыл, Мақтаарал және А.Қалыбеков ауыл әкімшіліктеріне бекітілген Мақтаарал АПБ-ның жергілікті полиция қызметінің 49 учаскелік полиция инспекторлары 2022 жылдың 3 айында жасаған жұмыстары бойынша тұрғындарға есеп берді. Онда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жыл «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстардың алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстар талқыланды. 2021-2023 жылдарға арналған «Мүлікті қорғау» бағдарламасының тапсырмасын орындау, аудан көлеміндегі мал ұрлығы қылмыстарын және жол-көлік оқиғаларын, сондай-ақ орын алған басқа да қылмыстарды болдырмауда жүйелі жұмыстардың нәтижелері айтылды. Мақтаарал ауданында осы үш айда 92 қылмыс тіркелген. Қылмыстардың ашылымы 74,1%ды құрап отыр. Сотқа 42 қылмыс жолданған. Өз кезегінде жиынға келгендер өздерінің учаскелік полицейлеріне сұрақтарын қойып, жауап алып, кері байланыс жасады. Есеп беру кездесуіне Мақтаарал АПБ-ның бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков қатысып, әрбір учаскелік полиция инспекторларының есебін тыңдады. Халыққа полицияның сервистік модельге көшуін жеткізді. Яғни, құқықбұзушылықтың алдын алу, көмек көрсетуге дайын болу, халықпен етене жұмыс істеу және әрбір азаматтың қауіпсіздігін мәселелерінің басымдылығы туралы халықтың пікірін ескере отырып, қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешу жөнінде айтып өтті.

ТО ПД баспасөз қызметі