Сарыағаш ауданына арнайы іссапармен барған Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков пен облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратын ашты. Салтанатты түрде өткен ашылу рәсіміне әкімдік пен БАҚ өкілдері, Ішкі істер органдарының ардагерлері, жергілікті полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Шара кезінде сөз бастаған генерал-майор Қайрат Дәлбеков: «Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратына көшу-маңызды оқиға. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ішкі істер органдарына реформа жүргізу жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Оның орындалуы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың жеке бақылауында. Бұл ретте облыс әкімі Ө.Шөкеевтің қолдауымен ескі ғимараттың орнына жаңа ғимарат салуға бюджеттен қаражат бөлінді. Сондықтан «Сервистік полиция» бағдарламасы аясында тәртіп сақшылары халықпен сенімді қарым-қатынаста жұмыс істеуі, құқық бұзушылықтың жолын кесуі және жұртшылыққа көмек көрсетуі тиіс. Полиция ашық және таза болуы керек»,- деп атап өтті. Сондай-ақ облыстың бас полицейі қызметкерлерге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қызметте сәттілік тіледі. Сарыағаш АПБ-нің су жаңа ғимараты заманауи талаптарға сәйкестендіріліп жасалған, кабинеттер қажетті жиһазбен және компьютерлік техникамен жабдықталған, арнайы байланыс және бейнебақылау жүйесі бар, сондай-ақ онда сақшылардың сапалы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Тұрғындар көп жүретін көшелер мен қоғамдық орындарда орнатылған сыртқы бейнебақылау камералары біріктірілген шағын жедел басқару орталығы да талапқа сай жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа аумақта қабылдау-тарату орны, уақытша ұстау изоляторы, қызметтік иттерге арналған үй-жай, гараж салынған. Сондай-ақ полиция бөлімі жанында халықты мәселесі бойынша кезексіз қабылдауға арналған «азаматтарды қабылдау» бөлмесі жұмыс істейді. Осыдан кейін Түркістан облысы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков Сарыағаш ауданы аумағында орналасқан учаскелік полиция бекеттеріне барды. Онда генерал-майор Қ.Дәлбеков учаскелік инспекторлар жұмысының нәтижесімен танысып, тірек пункттерінің қойылатын талаптарға және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағдайына сәйкестігін тексерді. Сапар соңында полиция басшысы қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесіп, тілдесті.
ТО ПД баспасөз қызметі