Арыс АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу оның үйіне терезе арқылы кіріп алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Келтірілген шығын 1 000 000 теңгеден асады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Арыс АПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру шараларын тиянақты жүргізді. Куәлардан жауаптар алынып, осы аумақтағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде арыстық тәртіп сақшылар бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап күдіктіні полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, күдікті азамат бұрын сотты болған Қазығұрттың тумасы болып шықты. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында үй иесінің жоқтығын алдын ала біліп, алтын бұйымдарды жымқырған. Содан күдікті ер адам бұйымдарды ломбардтардың біріне 500 мың теңгеге өткізіп жіберген. Бүгінде полицейлер ұрланған алтындарды толықтай заңды иесіне қайтарды. Ұрланған затының табылғанына риза болған үй иесі полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігіне алғысын білдірді. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: үй-жайларыңызға, жеке ғимараттарыңыз бен нысандарға мықты құлып орнатып, бейнекамералармен жабдықтаңыздар. Сондай-ақ аулаларыңызды жарықтандырып, есік-терезелеріңізге темір тор жасатыңыздар. Егер де, сіз, осы секілді ұрлық жайтының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» нөміріне хабарлаңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі