Түркістан облысының 2000-нан астам оқушысы «IQanat» олимпиадасына қатысады

IQanat

Түркістан облысының 2000-нан астам ауыл оқушысы республикалық «IQanat» Олимпиадасына қатысады. Бірінші турдан сәтті өткен білімділер Қазақстан бойынша ақтық сынға өткен 1000 оқушының қатарына ену үшін 3 күн бойы тестілеуден өтпек.

Биылғы олимпиаданың басты ерекшелігі – «Peer-to-Peer» жобасы болмақ. Жаңа бастама нәтижесінде, жоғары сынып оқушылары мен «IQanat» түлектері төменгі сынып оқушыларына тәлімгер болып, олардың мектеп бағдарламасы бойынша жетіспей жатқан білімдерін көтеруге көмектеседі. Айта кетейік, емтиханға қатысушылар тек тестілеуге ғана қатысып қоймай, тренинг, квест секілді командалық ойындар мен шараларға қатысады. Балаларға 11 тәлімгер мен «IQanat» жобасының 7 қатысушысы көмектеспек.

«IQanat» олимпиадасы — жыл сайын ауылдардан 50 000-нан астам 8-сынып оқушылары қатысатын ауқымды жоба. Олимпиада қатысушыларының 70%-ы әлеуметтік тұрғыда осал отбасылардан шыққан. Жобада жеңімпаз атанған оқушылар Nazarbayev University, University of Chicago, Purdue University сынды Қазақстан және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге арналған үш жылдық сапалы дайындықтан өтуге мүмкіндік алады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі