Түркістан қаласындағы жолдарды жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласындағы жолдарды

Түркістан қаласы – тарихи және мәдени орталығы ғана емес, сонымен қатар өңірдің маңызды экономикалық және көлік-хабына айналған ірі қала. Қаланың инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде жол желісін жаңарту — тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мен қаланың дамуына үлкен серпін беруде.

Жолдардың сапасы мен олардың желісі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Жаңартылған және кеңейтілген жолдар көлік ағынын жеңілдетіп, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сапалы жолдар кәсіпкерлік пен инвестициялық белсенділікті арттырады.

Бүгінде Түркістан қаласы аумағында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Осы жолдардың 430,1 шақырымы немесе 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 419,9 шақырымы немесе 49,7 пайызы қиыршық тасты жолдар санатына жатады.

Биыл ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін артады деп күтілуде.

Жөндеу жұмыстары негізінен қаланың инфрақұрылым жүйелері толық аяқталған Шауғар, Яссы, Отырар және Бекзат тұрғын алаптарында жүргізіледі.

Орташа жөндеу барысында көшелерге екі қабатты асфальт жабындысы төселіп, жол жиектері, аяқжолдар, мүмкіндігінше веложолдар мен жаңбыр суағар жүйелері орнатылады. Жөнделетін көшелердің басым бөлігі қаланың тарихи, яғни ескі бөлігінде орналасқан.

Атап айтқанда, Тәуке хан, Әл-Фараби, Наурызым көшелері толықтай жаңартылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар  С.Жандосов көшесін кеңейту және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Оған қоса Тәуке хан көшесінде ұзындығы 5,1 шақырымды құрайтын асфальт қабаты жаңартылып, жол бөлу таңбалары толықтай қайта сызылды. Әл-Фараби көшесінің 1,8 шақырымына асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы мен жаңбыр суағар жүйелері салынды. Ал Жангелдин көшесінде 3,75 шақырым аумаққа ауыр жүк көліктерінің жүріп-тұруына бейімделген асфальт жабындысы төселіп, аяқжол, веложол және су ағатын арықтармен қамтылды.

Жол құрылысы мен жөндеу кезінде экологиялық талаптар мен инновациялық технологиялар қолданылады. Энергия үнемдейтін жарықтандыру, су өтімділігі жоғары төсем материалдары және ұзақ қызмет ететін асфальт түрлері енгізілуде. Бұл шаралар жолдардың ұзақ мерзімде қызмет етуін қамтамасыз етеді.

Түркістан қаласының даму стратегиясында көлік инфрақұрылымын жақсарту басты бағыттардың бірі болып табылады. Жолдардың сапасын арттыру арқылы қала туризм, сауда, өнеркәсіп салаларын дамытуға жол ашады.

Сонымен қатар, жаңартылған жол желісі қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, еңбек өнімділігін жоғарылатады.

Түркістан қаласындағы жолдардың жаңартылуы – өңірдің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың маңызды құралы. Жақсы жолдар қалаға инвестиция тартуға, туризмді дамытуға және кәсіпкерлікті ынталандыруға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары да жол инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасатын болады.