Түркістан қаласында жылыту маусымына дайындық мәжілісі өткізілді

дайындық мәжілісі

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жылу беру маусымына дайындық мәселелерін талқылау мақсатында лездемелік мәжіліс өткізді. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары, сондай-ақ жылу энергетикасы саласындағы мамандар қатысты. Мәжіліс барысында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын жан-жақты саралау басты назарға алынды.

Мәжіліс басында қала әкімі әкімшілік және коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Жылыту маусымына дайындық барысында 17 жылу қазандығы мен 55,3 шақырымдық жылу құбыры тексеруден өтті. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – жылу жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру.

Түркістан қаласында жылу жүйесімен қамтылатын нысандардың тізімі де маңызды мәселе болды. Қала бойынша 219 көпқабатты тұрғын үй, 65 әлеуметтік нысан және 60 кәсіпкерлік нысан жылу жүйесіне қосылатын болады. Сондай-ақ, автономды жылу жүйесімен жұмыс істейтін көпқабатты тұрғын үйлердің саны 160-ты құрайды. Бұл тұрғындардың қысқы кезеңде жылы әрі қауіпсіз жағдайда өмір сүруін қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан маңызды шаралар.

Мәжіліс барысында қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Тұрғындардың «1310» Бірыңғай байланыс орталығына түскен өтініштерін уақтылы әрі сапалы орындау керектігін тапсырды. Қазіргі уақытта қала бойынша көпқабатты тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелерде жылу қосу алдындағы қысымдау және шаю жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Тұрғындарға үйде болу, жұмысшылардың жүргізіп жатқан жұмыстарын бақылау, жауапкершілікпен қарау туралы ескертілді. Апаттық жағдай орын алатын болса, оның нәтижесінде мекеме жауапкершілігінен босатыла алатыны жөнінде ескерту жасалды.

Жиын соңында, әкім қала тұрғындарын жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қамтамасыз ету үшін жұмыла әрекет етуге шақырдыЖалпы, Түркістан қаласы әкімдігі мен коммуналдық қызметтер жылыту маусымын сапалы өткізу үшін барлық мүмкіндіктерін қарастырып, тұрғындарға барынша ыңғайлы жағдай жасауды жалғастыруда. Әкімдік алдағы уақытта да тұрғындардың өтініштерін, ұсыныстарын тыңдап, мәселелерді шешу жолында жұмыс істей бермек.