Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен дамуы – бүгінгі таңда айрықша назар аударуды талап ететін тақырыптардың бірі. Жуырда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжіліс барысында бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Жиналысқа қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Мәжіліс барысында Түркістанның экономикалық ахуалы, жоспарлы жобалар мен міндеттер, сондай-ақ, қаланың болашақ дамуы туралы тыңдалды.
Кеңейтілген мәжілістің алғашқы баяндамасын қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов салықтық түсімдердің орындалуы мен алдағы жоспарлар туралы жасады. Ол қала бюджетінің негізгі кіріс көзі ретінде салықтық түсімдердің маңыздылығын атап өтті. Салықтық түсімдердің тұрақтылығын сақтау, қала экономикасын дамыту үшін аса маңызды екенін ескертті.
Әкім салықтық түсімдердің орындалуына ерекше назар аударуды тапсырды. «Экономиканың өсім қарқынын бәсеңдетпеуіміз керек. Кәсіпкерлік саласында жаңа мүмкіндіктерді пайдалану, өндіріс пен өңдеу секторындағы шараларды күшейту аса маңызды», — деді ол. Бұдан бөлек, бюджет шығыстарының жоспарлануы мен орындалу заңдылығын қадағалау тұрақты жалғасатынын мәлімдеді.
Түркістан қаласының әкімдігі жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында жұмыстар атқарып жатқанын мәлімдеді. Жиналыста жұмыссыздық деңгейін белгіленген мөлшерден асырмау қажеттілігі баса айтылды.
«Қаладағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін түрлі қаржы ұйымдарының жеңілдетілген несие бағдарламаларын, қолдау шараларын тұрғындарға кеңінен түсіндіру қажет. Жобаға деп алынып, игерілмей тұрған бос жер учаскелерін зерделеңіздер. Сонымен қатар, тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъектілері бойынша талдау жүргізілсін», — деді Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде. Кеңейтілген мәжілісте құрылыс, жол және инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің қызметі жөнінде де сөз қозғалды. Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков қаладағы құрылыс саласының қазіргі жағдайы мен болашағы туралы баяндама жасады.
Шаһар басшысы құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді саралай отырып, жобалардың құжаттамасын әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлген кезде оның қаржыландыру мен жүзеге асыру тетіктерін мұқият ойластыру қажеттілігін айтты.
«Жобалардың құжаттамасын әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлетін кезде оның қаржыландыру мен жүзеге асыру тетіктерін де ойластырған жөн. Мемлекеттің қаржысын желге ұшыруға жол берілмесін», — деп ескертті шаһар басшысы. Кеңейтілген мәжіліс қорытындысы бойынша хаттама жасалып, сала басшыларына нақты тапсырмалар бекітілді. Әзімбек Пазылбекұлы мәжіліс барысында көтерілген мәселелерді назардан тыс қалдырмай, олардың шешілуіне ерекше көңіл бөлу керектігін тапсырды.
Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлік белсенділікті көтеру – бұл мәселелердің барлығы да қала әкімдігі үшін басымдыққа ие. Түркістан – тарихи және мәдени мұрасы мол, туристік әлеуеті зор қала. Сондықтан, жергілікті билік пен қоғамның бірлесе отырып, қала дамуына үлес қосуы, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруы маңызды.
Келешекте Түркістан қаласы – тек елдің мәдени-рухани орталығы ғана емес, сонымен қатар экономикалық, туристік, және кәсіпкерлік жағынан дамыған қалаға айналуы тиіс. Бұл жолда әрбір азаматтың үлесі, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі және билік тарапынан көрсетілетін қолдау маңызды. Түркістанның болашағы жарқын, әрі тұрғындардың әл-ауқатының артқанына себеп болатын қала боларына сенім мол.