Келелі кездесуге ардагерлер кеңесінің мүшелері полиция полковнигі Бауыржан Исаев пен полиция майоры Бахадүр Османов арнайы шақыртылды. Кездесу барысында жастар тарихи мұражайларды аралады. Ардагерлер мұражай экспонаттарымен танысу барысында еліміздің осы кезге дейін басынан өткерген елеулі оқиғалардан мысал келтіріп, Қазақстан Республикасының қалыптасу кезеңіндегі ұмытылмас тұлғалар мен жасалған ерліктер турасында ақпарттармен бөлісті. Сонымен қатар Б. Исаев пен Б. Османов қызмет атқарған уақытта орын алған сан-қилы жайттар мен қызықты естеліктері жайлы сөз қозғап, полиция қызметінің ауыртпашылықтары мен артықшылықтары жөнінде әңгімеледі.Сондай-ақ жас қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты. Оларға Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөзін алға тартып, полицейлердің әрдайым дене шынықтыру жаттығуларымен айналысып тұру керектігін ескертті. Жас полицейлер осындай емен-жарқын әңгіме үшін ардагерлерге алғыстарын жаудырып, ризашылығын білдірді. Өз кезегінде ақсақалдар жас мамандардың қызметтік жолдарына сәттілік тілеп, ақ батасын беріп, кездесуді аяқтады.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі