Қаратау ауданы Шымкент қаласының маңызды бөліктерінің бірі ретінде, өзінің тұрақты дамуымен және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында жасалып жатқан ауқымды жобаларымен ерекшеленеді. 2025 жылға арналған жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес, ауданның инфрақұрылымын жаңғырту, қоғамдық қауіпсіздік пен жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асырылуда.
Қаратау ауданының аумағы 19 500 гектарды құрайды, ал тұрғындардың саны 215мыңға жуық Бұл аудан Шымкент қаласының дамуында маңызды рөл атқаратын аймақтардың бірі болып табылады. Қаратау ауданында 18 елді мекен, 595 көше, 29 762 жеке тұрғын үй және 603 көпқабатты үй бар. Әрине, мұндай көлемдегі аумақта инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет.
2025 жылы Қаратау ауданында қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға арналған маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Былтыр 130 бейнекамера орнатылған болатын. Бұл бейнекамералар тұрғын үйлердің аулаларында, қоғамдық орындарда және басқа да аймақтарда орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылатын болады. Бұл шаралар аулаларда бейберекет қоқыс тастау мәселесін шешуге және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ерлан Бекназаровтың айтуынша, осы бейнемониторинг жүйелерінің орнатылуы аудан тұрғындарына қауіпсіздік тұрғысынан үлкен көмек көрсетеді. Бейнекамералар арқылы әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтап, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері оңтайлы шешілетін болады. Жаңа бейнекамералар ауданның ең көп адам жүретін жерлеріне, яғни тұрғын үйлердің аулаларына, қоғамдық орындарға (саябақтар, алаңдар, базарлар) және басқа да аймақтарға орнатылатын болады. Камералардың орналасуы полиция департаментінің мамандарымен бірлесе отырып, қылмыстық статистика және қауіпті аймақтарды ескере отырып анықталады.