Қылмыскерлердің жасаған қылмысының ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді анықтап, қоғам тыныштығын күзету жолында қызмет ететін тергеушілердің еңбектері әрқашанда ерен. Сол ерен еңбекті абыроймен атқарып, елдің алғысына ие болып жүрген жандардың көптігі ел халқын қуанышқа бөлейді. Қызмет бабында абырой биігінен көрініп жүрген сондай жанның бірі Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Асқар Шубай. Асқар Келдібекұлы бүгінде аудан көлемінде көптеген қылмыстардың ашылуына ұйытқы болған. Түрлі қылмыстық істерге қатысты күдіктілерді тергеп, істі сотқа өткізген. Нәтижесінде күдіктілердің қылмыстары дәлелденіп, соттың шешімімен жазасын өтеп жатқан жайы бар. — Көпшілігінде есірткіге қатысты қылмыстық оқиғаларды тергеп келемін. Есірткіге елітушілік үлкен кісілер арасында орын алып жатыр. Көпшілігін сотқа өткіздім. Соттың шешіміне сәйкес жазаларын өтеп жатқандар көп – дейді ол. Асқар Шаян ауылында дүниеге келген. Жергілікті жердегі мектепте білім алған ол, кейіннен Алматы қаласындағы жасөспірімдерді олимпиадаға дайындайтын мектеп-лицейде оқыды. Ал, жоғары білімді ІІМ-нің Қарағанды академиясында алды.Бозбала еңбек жолын туған жерде бастағанды жөн деп тапты. Аудандық полиция бөліміне тергеуші болып орналасты. Тәжірибелі тәртіп сақшыларымен қатар жүріп, білімі мен біліктілігін арттырды. Тергеу саласын жетік меңгерді. — Тергеуші мамандығы қашанда шынайылық пен төзімділікті, сауаттылықты талап еткен. Бұл мамандықтың иелері қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы, қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес, істі жан-жақты зерттейді. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Сондықтан, тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық — дейді, полиция аға лейтенант.Жалпы Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының тұрғындары Шубаевтар әулетін мерейлі отбасы деп біледі. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті қадағалап отырған «полиция династиясы» деп таниды. Қоғамдық ортадағы құрмет әке жолын жалғаған ұлды әрдайым жігерлендіріп отырады.— Әкем көптеген жылдар бойы ішкі істер саласында еңбек еткен. Ал, анам прокуратурада қызмет атқарады. Атам да полиция қызметкері болған. Одан бөлек, шен тағып, форма киген туыстарымыз көп. Бала кезімізде сол кісілерге қарап бой түзедік. Армандап, алдымызға мақсат қойдық. Бүгінде бізде әкеміздің салып берген сара жолын жалғап келеміз. Бұл мен үшін мақтаныш – дейді полиция аға лейтенанты.Асқар Шубай дзюдодан спорт шебері. Жас кезінде түрлі жарыстарға қатысып жүлделі орындарды жеңіп алған. Ташкенттегі өткен халықаралық турнирде 3 орынды еншілесе, Алматыда өткен республикалық жарыстардан бірінші, екінші орындарды иеленген. Бұдан басқа да қатысқан турнирлерден жүлдесіз қайтпаған. Тәжірибелі тәртіп сақшысы қазір де бос уақытын спорт залда өткізеді. Спортпен шұғылданып, тың тәселдерді меңгеруде.— Жеке құрам әрдайым тығыз байланыста қызмет атқарамыз. Әрбір жауапты істі жауапкершілікпен нәтижелі аяқтауға асығамыз – дейді ол.
ТО Полиция департаменті