«Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды»

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің басшысы полиция подполковнигі Серикбаев Алмас Сұлтанұлының ұйымдастыруымен аудан жастары арасында “ Жастар — біздің болашағымыз” атты форумы өтті.

Форумның мақсаты – жастардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің алдын алу және болдырмау болып табылады. Аталған форумға аудандық білім бөлімінің бас маманы Егізек Әлия Алекбарқызы, ауданның бас имамы Сертаев Әділхан Айдарханұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Көшкінбай Аян Таубайұлы және Қазығұрт ауданының білім бөлімінің әдіскерлері Б.Орынбаев, Э.Бекбавулова және аудан көлеміндегі барлық мектептегі жоғарғы сыныптың оқушылары, психологтары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Жиын барысында сөз алған Алмас Сұлтанұлы «Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Б.Момышұлы айтқандай, жастар тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, тыныш жүрсе, одан ешкім де ұтылмайды.» — деп өзінің ойын ашық білдірді.

Өз кезегінде «Аналар-асыл жандар» аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Сәрсен Жиенкүл, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Абуов Бекболат Шамуратұлы, ауданның бас имамы Әділхан Айдарханұлы жас ұрпақтың бойында имандылық пен адамгершілік басты назарда болуын айтып, үлкенді құрметтеп, имандылықты бойына сіңіруге шақырды.