Түркістан облысында 19 экологиялық қылмыс пен 190-нан аса әкімшілік құқықбұзушылық анықталды

Браконьерлік табиғатқа үлкен залал келтіретін қылмыс түрі. Бұл қылмысқа қатысты жазаны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қатаңдатты. Яғни заңсыз аң аулау, балық аулау, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу бұрын, қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жаза көзделіп, қылмыстық теріс қылық санатында қаралса, 2019 жылдың желтоқсан айында енгізілген өзгерістерге байланысты қылмыстар сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстық іс ретінде қаралатын болды, сәйкесінше жаза қатаңдатылды. Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті поилция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бегімхан Ахметовтің айтуынша: «Түркістан облысы аумағында жыл басынан бері 19 экологиялық қылмыс пен 190-нан аса әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР ҚК-нің 337-бабы заңсыз аң аулау бойынша 1 қылмыс, ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабымен 50 құқықбұзушылық тіркелген. Ал заңсыз балық аулау бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабымен 11 қылмыс, ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабымен 118 құқықбұзушылық анықталып, тіркеуге алынған. Оған қоса ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 381-1-бабымен 1 дерек анықталған. Ал жер қойнауын заңсыз пайдалану бойынша ҚР ҚК-нің 334-бабымен 7 қылмыс анықталған. ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабымен 25 жайт анықталып, заңды шешім қабылдау үшін Экология департаментіне жолданған. Сондықтан облыс тұрғындарын табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға, бұзған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз»-деп атап өтті.

ТО ПД баспасөз қызметі