Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының үш ауылына газ берілді. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев екі ауылдық округтегі көгілдір отын қосу рәсіміне қатысты.
Ақниет ауылдық округінің құрамындағы Д.Қонаев және Әбілқайыр ауылдарында барлығы 1300 тұрғын тұрады. «Отау-Строй» ЖШС мердігерлік ұйымым мұндағы құбыр жүргізу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, тапсырып отыр.
Облыс әкімі газ және ауыз сумен қамту – өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудағы негізгі басымдықтар екенін атап өтті.
— Жыл сайын көптеген ауылдар көмір мен отын жағудың азабынан арылуда. Т.Рысқұлов ауданында жыл соңына дейін 7000 тұрғынды қамтитын 10 ауылға көгілдір отын беріледі. Нәтижесінде, аудандағы халықты газдандыру үлесі 99 пайызға дейін жетеді. Жауапты тұлғалар газдың әр үйге жетуін қадағалайтын болады. Бұл игіліктерге мемлекет басшылығының қолдауының арқасында қол жетуде. Осылайша, сіздердің ауылдарыңызда ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, мектеп пен медпункт салу мәселелері толығымен шешілді.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде еліміз көптеген қиындықтарды еңсеріп, сан сала бойынша алдыңғы қатардан көріне білді. Қазақстанымыз нығайып, гүлдене берсін!,-депоблыс әкімі жиналғандарды қуаныштарымен және тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Сондай-ақ, бұл күні 2700 тұрғын тұратын Жаңатұрмыс ауылына да газ берілді.
— Мемлекет басшысына, облыс әкіміне қамқорлықтары үшін алғыс айтамыз! Ауылымызда мектеп, медициналық пункт салынды, бүгін газ беріліп отыр. Әрбір азаматтәуелсіздіктің жемісін сезінуде, — деді жаңатұрмыстық Светлана Прокофьева.
Биыл Жамбыл облысында 20 елді мекен (16 мың адам) табиғи газбен қамтамасыз етіледі, нәтижесінде халықты газдандыру үлесі 88,6 пайызға дейін жетеді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі