3 күн ішінде 37 жол-көлік оқиғасы: Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығы жол қауіпсіздігіне қалай әсер етті

Жамбыл облысында ауа-райы нашарлап, қар түріндегі жауын-шашын, жолдың тайғақ болуы, көріну қашықтығының шектелуі байқалуда.

Қазіргі уақытта көліктің барлық түрлері үшін барлық бағыттағы автомобиль жолдары ашық. 280-нен астам полиция қызметкері бекітілген учаскелерде тәулік бойы патрульдеу жұмыстарын жүзеге асыруда. Жолдарда қиын жағдайға тап болған жол қозғалысының қатысушыларына барлық көмек пен қолдау көрсетілуде.

Ағымдағы жылдың 16 қаңтарында өңір аумағындағы автожолдардың 3 учаскесінде жүк көліктері үшін қозғалыс шектелді, 300-ден астам жүк машиналары тоқтатылды. Полиция қызметкерлері қар құрсауынан 10 жүк көлігін шығарды.

Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин жолдардағы жағдайды жеке өзі бақылап, рейдтік іс-шараларға шығып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізді.

— Мені жүргізушілердің жолда полиция қызметкерлерін көріп тұрса да жол ережесін бұзатындығы таң қалдырады. Өкінішке орай, олар бұл іс-шаралардың барлығы адам өмірлерін сақтап қалу үшін жасалып жатқанын түсінгісі келмейді. Үш күн бойы қалың жауған қар, ауа райының қолайсыздығы, көктайғақ және жолдардың нашар көрінуі салдарынан Жамбыл облысының аумағында 37 жол-көлік оқиғасы орын алды, 4 адам қаза тауып, 12 адам түрлі жарақат алды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарып, азаматтардың тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қадағалауды жүзеге асыруда. Алайда біздің күш салуымыз жеткіліксіз, өйткені адамдар жол қозғалысы ережелерін бұзып, сақтық шараларын қолданбауда. Абайсыздық пен немқұрайлылық таныта отырып, олар тек өздеріне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының себептерінің бірі жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы да болып табылады. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – көшелерді қардан тазарту және көктайғаққа қарсы материалдарды себу. Әкімшілік полиция қызметкерлері бұзушылықтарды анықтап, оларды жақын арада жою туралы нұсқамаларды барлық кемшіліктерді түзетуге тиіс мердігер мекемелерге жіберуде. Алайда, мердігерлік мекемелер жұмыс көлемін әрдайым орындай алмауда. Жыл басынан бері қыс мезгілінде автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны үшін барлығы 8 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды,- деп хабарлады Жамбыл облысының ПД бастығы Арманбек Баймурзин.

Жамбыл облысының Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларына жол ережелерін мүлтіксіз сақтау, жолда өте мұқият болу қажеттігін ескертеді. Кенеттен маневр жасаудан аулақ болу керек, сонымен қатар жол белгілерінің нұсқамаларын орындау қажет. Сондай-ақ міндетті түрде қысқы дөңгелектермен жабдықталған көлікпен жүруге керек.

Жүргізушілер жылдамдық режимін сақтауға ерекше назар аударуы қажет. Есіңізде болсын, мұндай жағдайларда автомобильді тежеу қиынға соғады, сондықтан автокөлік жүргізушісі дұрыс және қауіпсіз қозғалыс жылдамдығы мен алда келе жатқан көлікке дейінгі қауіпсіз қашықтықты сақтауы керек.