Хабарландыру

Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, Ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Осы Заңмен «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға елеулі өзгерістер енгізілді, оның бірі 2003 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде жұмыстан босатылған, босату кезінде жиырма бес және одан көп жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның кемінде он екі жыл және алты айын үзіліссіз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік органдардағы және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет құрайтын және шекті жасына толуына не штаттың қысқартылуына немесе денсаулық жағдайына байланысты шығарылған Ішкі істер органдарының қатардағы және кіші басшы құрамдағы қызметтен босатылған қызметкерлеріне еңбек өтілі үшін зейнет ақы төлемдерін алу құқығын қамтамасыз ету болып табылады.

Зейнет ақы төлемдерінің мөлшері қызметтен босатылған күнге белгіленеді және төлем Қазақстан Республикасының зейнет ақы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілген ұлғайтуды ескере отырып, еңбек өтілі үшін зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш берген күннен бастап жүргізіледі.

Осыған байланысты, 2003-2016 жылдар аралығында қызметтен босатылған ішкі істер органдарының қатардағы және кіші басшы құрамдағы қызметкерлері Жамбыл облысы «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы » мемлекеттік мекемесінің кадр саясат бөліміне жүгіне алатындарыңызды хабарлаймыз.

Мекен-жайы Тараз қаласы Пушкин көшесі №28.

Жамбыл облысы «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы » мемлекеттік мекемесі