Шымкент қаласында есірткіге қарсы бағытталған кезекті алдын алу шарасы өтті. Іс-шара барысында еріктілерден құралған топ қала көшелерін аралап, есірткі жарнамаларына қарсы үндеу парақшаларын таратты. Сонымен қатар, сауда орындары мен қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Акцияның басты мақсаты – қоғамда есірткі жарнамасының таралуын болдырмау, сондай-ақ халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мен жастарды есірткіге қатысты қауіп-қатерден қорғау болды.
«Сауда нүктелерінде есірткі құралдарын насихаттайтын жазбаларға орын жоқтығы, сауда орындарының иелері мен қызметкерлерінің есірткіге қарсы құқықтық мәдениетін қалыптастыру және олардың жауапкершілігін арттыру, халықты, әсіресе жастарды есірткінің зияны туралы хабардар ету және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру басты мақсатымыз», — дейді ұйымдастырушылар.
Іс-шара барысында сауда орындарының иелері мен қызметкерлеріне есірткі құралдарының жарнамасын (граффити, QR-кодтар, жазбалар, интернет сілтемелері және тағы басқа) тану, оларды жою әдістері, сондай-ақ мұндай фактілерді құқық қорғау органдарына қалай хабарлау керектігі туралы толық ақпарат ұсынылды.
«Қазіргі таңда есірткі жарнамасының жаңа түрлері – граффити, интернет сілтемелер, тіпті QR-кодтар арқылы таралуда. Сондықтан әрбір азамат мұндай белгілерге бейжай қарамауы тиіс. Егер күмәнді жазбаларды байқасаңыздар, дереу 102 нөміріне хабарлау қажет. Бұл – әрбіріміздің азаматтық парызымыз», – деді шара барысында түсініктеме берген Шымкент қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карпеков.
Оның айтуынша, мұндай алдын алу шаралары тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Еріктілердің қатысуы да жастардың есірткісіз қоғам құруға белсенділіктерінің дәлелі.
Акция барысында қала тұрғындары есірткінің зияны туралы ақпарат алып қана қоймай, қауіпті жарнаманы тану және жою жөнінде нақты нұсқаулықтарға ие болды.