Шымкенттегі квазимемлекеттік сектор ұйымдарында комплаенс қызметтерінің жұмысын ұйымдастыру бойынша «Комплаенс қызметі — квазимемлекеттік секторлардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді құралы» тақырыбында семинар-жиын өтті.
Семинарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры А.Нысанбаев, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Ә.Ахметова, «Шымкент – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар, жергілікті атқарушы органдарының ведомстволық бағынысты ұйымдарының комплаенс-офицерлері қатысты.
Онлайн шара барысында Талғар Серікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оны болдырмаудың қазіргі заманғы әдістерін қолдану мәселелері, оның ішінде корпоративтік сектор үшін де міндет екендігін жеткізді.
«Бүгінгі таңда әлемде корпоративтік парасаттылықты қамтамасыз етудің негізгі құралы комплаенстің тәуелсіз қызметтерінің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау шеңберіндегі тиімді қызметі болып табылады.
Комплаенс мамандарының негізгі міндеттерінің бірі — құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғау болып табылады» — деді Т.Серікбаев.
Ол басты ұстаным квазимемлекеттік сектордың барлық ұйымдарында комплаенс бөлімшелерін құру және олардың тиімді қызметі екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, Академияның Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры А.Нысанбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің тиімді жүйесін құруға, ең алдымен ISO 37001 «Парақорлықпен күрес менеджменті жүйесі» халықаралық стандарты демеу болатындығын жеткізді. Сондай-ақ, спикер ISO 37001 стандарты және оның негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қалай құруға болатыны туралы толық ақпарат берді.
Жиынға қатысушылардың пайымдауынша компаниялар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес коммерциялық тұрғыдан орынды екенін түсінушілік артып келеді, өйткені жемқорлық бизнес үшін беделге және қаржылық шығындарға нұқсан келтіреді.
Ал, «Шымкент – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар парасаттылық құндылықтарын дәріптеу жайында сөз қозғады.
Кездесу қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және корпоративтік парасаттылықты нығайтуға бағытталған барлық ұсыныстарды Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі толық қолдайтыны атап өтілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті