МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып келеді. МӘМС жүйесін енгізудің артықшылықтарына келер болсақ, медициналық қызметкерлердің орташа жалақысы өсті, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдар саны артып, қызметі қарқын алды. Шымкентте МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артқан. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша медициналық ұйымдар көмек көрсетеді.
Шымкентте жыл басынан бері халыққа 3 миллионнан астам консультациялық -диагностикалық қызмет көрсетілді. ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының мәліметінше, оның 80 пайыздан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылған.
Қалада бүгінгі таңда 22 медициналық мекеме КТ, 17 мекеме МРТ және 36 медициналық ұйым сандық рентгенография қызметін көрсетеді. Консультациялық-диагностикалық қызметтердің барлық түрлерін көрсететін медициналық ұйымдардың бірі – қалалық диагностикалық орталығы.
Мұнда 9 айда 4 мыңнан астам компьютерлік томография (КТ), 7 мыңға жуық магниттік-резонанстық томография зерттеулері жүргізілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда КТ 6%, МРТ зерттеуі — 12% артқан. Орталықта сондай-ақ колоноскопия және бейне-электроэнцефалография зерттеулері жүргізіледі. Пациенттерге медициналық кеңес беріп, қызмет көрсетуге 100-ден астам жоғары білікті дәрігер жұмылдырылған.
Айта кету қажет, науқасқа диагностикалық процедураны емдеуші дәрігер тағайындайды. Көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер КТ немесе МРТ жүргізуге жолдама бере алады. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациентте МӘМС жүйесінде «Сақтандырылған» мәртебесінің болуы тиіс.