Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

11 қазан күні Шымкент қаласында табиғатты қорғау және қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында кең көлемді «Таза Қазақстан» жалпы қалалық сенбілік акциясы ұйымдастырылды.

Бұл игі шараға қаланың барлық аймақтарынан тұрғындар, мемлекеттік және жеке мекемелердің өкілдері белсене қатысты. Қала тазалығына үлес қосу мақсатында 470 мекемеден 38 мың қызметкер, сондай-ақ бес ауданнан 83 мыңнан астам тұрғын жұмылдырылды. Жалпы алғанда, 127 мыңнан астам адам қала аумағын тазарту ісіне атсалысты.

Сенбілік барысында қаланың негізгі көшелері, қоғамдық аумақтар, арықтар мен саябақтар, тұрғын үйлердің аулалары тазартылды. Қатысушылар тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын жинап, көгалды аймақтарды ретке келтірді.

Іс-шараға 195-ке жуық арнайы техника тартылып, нәтижесінде 312 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Бұл – қала экологиясын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Сенбілікке қатысқан тұрғындар табиғатты аялау мен қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың борышы екенін атап өтті.

«Біздің үйіміз – тек қабырғалы пәтер емес, ол – бүкіл қала. Сондықтан оны таза ұстау – әрқайсымыздың парызымыз. Мұндай сенбіліктер адамдардың бірлігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастырады», – дейді қала тұрғыны Айдана есімді қатысушы.

Қала әкімдігі мен аудандық әкімдіктер тарапынан ұйымдастырылған акция барысында қатысушыларға қолғап, қоқыс дорналары мен арнайы құралдар таратылды. Сонымен қатар, сенбілік кезінде жиналған қоқыстар сұрыпталып, қайта өңдеуге жарамды қалдықтар арнайы қабылдау пункттеріне жіберілді.

Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы – бір күндік шара емес, жыл бойы жалғасатын экологиялық қозғалыстың бір бөлігі. «Біздің мақсатымыз – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қала тазалығын сақтау және табиғатқа ұқыптылықпен қарау. Осындай бастамалар арқылы Шымкентті таза, жасыл әрі жайлы қалаға айналдыруға болады», – деді қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілі.

Тазалық – мәдениеттің айнасы. Шымкент тұрғындарының белсенділігі мен бірлігі арқасында қала аумағы бір күнде айтарлықтай тазарды. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттырып, жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.