Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде алдағы үш жыл ішінде 1300-ге жуық мектепті жаңғырту жоспарланған. Бұл бастама – білім беру сапасын арттырумен қатар, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада оқып, тәрбиеленуін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Осы міндет аясында биыл Шымкент қаласында да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Қалалық жоспарға сәйкес 9 мектепте күрделі жөндеу жүргізу, 1 білім нысанының жылыту жүйесін жаңарту және 1 балабақша ғимаратын толықтай жөндеуден өткізу қолға алынған болатын. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстар толық аяқталып, қала бойынша 11 әлеуметтік нысан жаңарып отыр.
Атап айтқанда, дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған лицей-интернаттың бірнеше оқу корпустары, О.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицей-гимназиясы, Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектеп, Мұқыми атындағы №13 мектеп-гимназиясы, Ә.Женібеков атындағы №19 мектептің жылу жүйесі, Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназиясы, сондай-ақ №75 және №99 мектеп-гимназиялары толық жөндеуден өтті. Бұған қоса, Хамза атындағы №108 жалпы орта мектеп, №109 жалпы орта мектеп және №97 балабақша ғимараты жаңартылып, пайдалануға берілді.
Күрделі жөндеу жұмыстары нәтижесінде нысандардың техникалық қауіпсіздігі күшейтіліп, оқушылар мен тәрбиеленушілер үшін барынша жайлы жағдай жасалды. Әрбір ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, жаңа оқу маусымын жоғары дайындықпен бастауға мүмкіндік берді.
Жөндеу барысында ғимараттардың ішкі инженерлік жүйелері жаңартылып, электр және су құбырлары толық ретке келтірілді. Сынып бөлмелері, зертханалар, асхана, акт және спорт залдарына заманауи жабдықтар орнатылды. Жаңа терезелер мен есіктер қойылып, жылу жүйелері толықтай ауыстырылды. Бұл өз кезегінде балалардың денсаулығына қолайлы орта қалыптастырып, оқу процесінің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы пандустар орнатылып, қолжетімділік инфрақұрылымы қарастырылды. Бұл – инклюзивті білім беруді дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта да қаладағы мектептер мен балабақшаларды кезең-кезеңімен жөндеу жалғасып, әрбір балаға сапалы білім алуына тең жағдай жасалмақ.
Бұл игі істер Шымкент қаласында білім саласын дамытуға серпін беріп, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге зор үлес қоспақ.