Құқық бұзушылықтың алдын алу — мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, барлық меншік нысанындағы ұйымдар және Қазақстан Республикасының азаматтары жүзеге асыратын, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою арқылы құқықтық тәртіпті сақтауға және күшейтуге бағытталған құқықтық, әлеуметтік, экономикалық ұйымдастырушылық іс-шаралар кешені. Құқық бұзушылықтың алдын алуда құқықтық тәрбиенің маңызы зор. Құқықтық тәрбие — азаматтарда заң сыйлаушылық мінез-құлықты қалыптастыруға, құқықтық білім алуға және халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар. Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.
Мәселен, сәуір айынан бастап «Сергек Қорғау — қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала — Шымкентте 138 086 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 63, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 4805, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 984 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 215, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 988, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 527, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 760 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 26, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 129 718 хаттама толтырылып, 2508 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.
«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан бері 7085-тен астам жол қозғалысы ережесін бұзған 2035 жүргізуші ұсталды.
Айта кетейік, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді.
Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.
Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!
Ntime.kz