Бастарбек Пірімбетұлы 70 жасқа толды

ҚР Мәдениет қайраткері, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетов 70 жасқа толды. Осыған орай Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда салтанатты кеш өтті.Жиынға Түркістан облысы және Шымкент қаласынан мәдениет басқармасы өкілдері, зиялы қауым өкілдері мен шәкірттері, сондай-ақ өңір жұртышылығы қатысты. Жиынды 3 Барыс орденінің иегерлері ақын Ханбибі Есенқарақызы, жазушы Мархабат Байғұт, Түркістан облысының Ардагерлерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Мәуленқұлов ашып берді. Талай жылдарғы облыс мәдениетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін көрсетілген құрмет ретінде келген келген қонақтар Бастарбек Пірімбетұлының иығына шапан жауып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы алғыс хатын табыс етті.Салтанатты кеште Шымкент қаласы және Түркістан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары Бауыржан Әлтеев және Бердіғали Өмірәлі мәдениет қайраткеріне ҚР Федерациясы төрағасының құттықтауын жеткізіп, «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапаттады.Ал, салалық кәсіподақ төрағалары Бастарбек Пірімбетұлының еселі еңбегін атап өтіп, иығына шапан жауып, бағалы сыйлықтар табыстады.Бастарбек Пірімбетұлы – қасиетті құт мекен, Түлкібас ауданының төл перзенті. 1951 жылы 27 желтоқсанда Шақпақ баба ауылында дүниеге келген.Өзіне жүктелген қызметке үлкен жауапкершілікпен қарайтын Бастарбек Пірімбетұлы ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп, облысымыздың, Шымкент қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, мәдениет пен өнер саласының дамуына үлкен үлес қосып жүрген азамат.Саналы өмірін ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін дамытуға арнаған Бастарбек Пірімбетұлы Тәуелсіздік жылдары облысымызда өткізілген «Түркістанға 1500 жыл, «Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы», «Бауырлас республикалардың үш Президентінің Ордабасыда бас қосуы» және Халықаралық, республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы ән байқаулары, «Арай» республикалық жас әншілер байқауы, халықаралық, республикалық театрлар фестивальдерінің, өзге де барлық деңгейдегі іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі орындаушысы болды.

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы