Шымкентте 6 700-ден астам бос жұмыс орны жарияланды

бос жұмыс орны

Бұл жұмыс орындарының 1385-і тұрақты, 5 359-і субсидияланған бос жұмыс орындары.

Шымкент қаласындағы жұмыс іздеушілер үшін жағымды жаңалық – Enbek.kz порталында 3 595 хабарламада 6 744 бос жұмыс орны жарияланды. Портал ұсынған мәліметтерге сүйенсек, әртүрлі салада бос жұмыс орындарының саны артып келеді.

Субсидияланатын жұмыс орындарынан жастар практикасына – 2 857 орын, Күміс жас жобасмына – 727 орын, Алғашқы жұмыс орны бағдарламасына – 697 орын, Қоғамдық жұмыста – 847 орын, Ұрпақтар келісім-шарты жобасында – 11 орын, әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасында – 220. Ал мүгедектігі бар азаматтар үшін 95 мекеме 217 бос орын жариялаған. Қарапайым жұмысшыларға арналған ұсыныстар да жеткілікті – 907 хабарламада 2 278 жұмыс орнына қызметкер қабылдауға дайын.

Жарияланған бос орындардың ең көбі білім мен тәрбие саласына тиесілі – 815 хабарлама. Бұл саладан кейінгі орында медицина және фармацевтика тұр – 472 хабарлама. Қаржы және есеп саласы –370, өндіріс – 263, сауда мен қойма – 254, ІТ және телекоммуникация – 116, заңгерлік – 99, логистика –116, мәдениет пен спорт саласы –98, құрылыс пен сәулет – 95 хабарлама бойынша орын ұсынуда.

Порталдағы жұмыс орындарының жалақысы 85 000 теңгеден 650 000 теңгеге дейін жетеді. Заңгерлер, дәрігерлер және курьерлер үшін жалақы көлемі жоғары. 300 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынатын 128 хабарламада 295 бос орын бар. Ал 200 000 – 300 000 теңге аралығында – 197 хабарлама, 301 орын, 150 000 – 200 000 теңге аралығында – 423 хабарлама, 649 бос орын жариялаған.

Жұмыс іздеушілер Enbek.kz мобильді қосымшасын жүктеп алып, бос жұмыс орындарымен үйден шықпай-ақ таныса алады. Ескеретін жайт – порталдағы ақпарат минут сайын жаңарып отырады, яғни жаңа мүмкіндіктер үнемі пайда болуда.