Шымкентте 800-ге жуық азамат жұмыс беруші мекемелерде тегін кәсіптік білім алуда

Бүгінде кәсіпкерлік саласын дамыту мемлекеттің алдындағы басты міндеттердің бірі. Кәсіпкерліктің дамуында кәсіптік білім алу маңызды.

Шымкентте қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының ұйытқы болуымен 35 жұмыс беруші мекеме 800-ге жуық кәсіби маман даярлауда. Жұмыссыз азаматтар тігін және жиһаз өндірісі, кең профильді шебер құрылысшы, электрші, дәнекер және токарь мамандықтары, шаштараз, маркетинг-мерчендайзер сынды еңбек нарығында сұранысқа ие көптеген кәсіптерді тегін меңгеруде.

Шәкірт оқытып жатқан мекемелердің бірі «Danico» тігін цехы. Шеберхананың білім беру ұйымында қазіргі таңда 50-ге жуық қыз-келіншек киім пішіп, тігуді үйренуде.

-Шеберханамыздың жұмыс істегеніне үш жылдан асты. Нарықта тауарларымыз үлкен сұранысқа ие. Негізінен балалар мен жүкті әйелдерге арналған киімдерді тігеміз, балалар арбаларына арналған төсеніш пен жастықтарды дайындаймыз. Жұмыс көп. Тігіншілер өте қажет. Сол себепті өзімізде оқытып, жұмысқа қабылдағалы отырмыз,-дейді «Danico» тегін цехының оқытушысы Зәуре Алиева.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясындағы кәсіптік оқытудың ұзақтығы 3 ай мерзімді құрайды. Қосымша шәкіртақы мен бір реттік материалдық көмек төленеді. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін бітірушілерге сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.

Жалпы, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет.