Қаратау АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері «Ана үйі» қоғамдық қорына арнайы барып, ондағы аналар мен бөбектердің хал-жағдайымен танысты деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2022 жыл – балалар жылы деп жариялауына байланысты, бұл игі іс-шараны тәртіп сақшылары ерекше ықыласпен ұйымдастырды.
— «Шараның басты мақсаты – жақындарынан қолдау таппаған аналарға қандайда бір материалдық тұрғыдан және моральдік-психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасаудамыз. Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда нәзік жандылар зардап шегеді. Қиын жағдайға тап болған жас аналарға қолдау көрсетіп отырған Қаратау АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлеріне ризашылығымыз шексіз. Балалар жылы аясында осындағы аналарға қолдау көрсетейік деген ұсынысымды әріптестерім қолдады, сол үшін барлығына алғысымды білдіремін», — деді полиция капитаны Т.Өмірзақова.
Полицейлер мұндағылар үшін күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерге керек заттар мен балалар азық-түлігін тарту етіп, аналармен жекелей жүздесіп, құқықтық кеңес берді. Оған қоса кішкентай бүлдіршіндерді ойнатып, көңілдерін аулады.
Шымкент қаласындағы аналар үйі үйлестірушісінің айтуынша, қазіргі таңда бұл баспанада 10 жалғызбасты ана мен олардың сәбилері тұрып жатыр.
— «Барар жер, басар тауы жоқ жас аналар амалсыздан кейде балаларын жетімдер үйіне тапсырып жатады. Біз соны болдырмауға тырысамыз. Өмірге келген әр бала – бақытты болуы тиіс. Он баланың жетімдер үйінде емес, анасының бауырында өсуіне ықпал еткен қайырымды адамдарға, осы жобаның авторларына алғысымыз шексіз. Жас аналарға қиын кезде қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың болшағының жақсы болуына жағдай жасаудамыз», — деді аналар үйінің үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызы.
Айта өтетін ақпарат, полиция қызметкерлері тарапынан қайырымдылық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.